Уақытпен сыналған балқыту жүйесі: Балқашта Ванюков пешінің 40 жылдығы атап өтілді

Фото: Қазақмыс корпорациясы

БАЛҚАШ. KAZINFORM - Балқаш мыс балқыту зауыты маңызды мерейтойын атап өтіп жатыр. 40 жыл бұрын кәсіпорында Ванюков пеші іске қосылды. Бұл пеш тек мыс өндірісінің технологиясын түбегейлі өзгертіп қана қоймай, зауыттың нарықта жоғары орындарға көтерілуіне серпін беріп, Қазақстан металлургиясы үшін жаңа өлшемшарт белгіледі.

2025 жылы «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты Ванюков пешінің іске қосылғанына 40 жыл толуын атап өтіп отыр. Сұйық ваннада балқыту технологиясының енгізілуі зауыт тарихындағы нағыз төңкеріс болды: ол әртүрлі шикізатты қайта өңдеуге және өнім сапасын айтарлықтай жақсартуға жол ашты.

Ванюков пеші іске қосылғанға дейін зауытта дәстүрлі шағылыстырғыш пештер қолданылған, онда штейндегі мыс мөлшері 27–30% деңгейінде болған. Жаңа технология енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш шамамен 50%-ға артты, себебі балқыған металл көлемінде химиялық реакциялар толықтай өтеді. Бұл тікелей сұйық металлға оттегіні енгізудің арқасында жүзеге асыру мүмкіндігін берді. Өз кезегінде аталған тәсіл жылыту және химиялық режимді тұрақтандыруға, шикізатты толық оксидтендірмеу қаупін азайтуға және төмен сапалы концентраттарды қайта өңдеуге мүмкіндік берді.

Фото: Қазақмыс корпорациясы

– Сұйық ваннадағы балқыту технологиясын алғаш сынақтан өткізу Балқашта жүргізілді. Мұнда құрылымдық негізгі элементтер жасалып, процестің тиімділігі дәлелденді. Андрей Ванюковпен бірге біз бұл құрылғыны зауытқа енгізуді бастамақшы болдық та, 1985 жылы пеш ресми түрде іске қосылды. Бүгінде «БМЗ» ЖШС — Қазақстанда бірегей технология қолданылатын жалғыз кәсіпорын, ол ел металлургиясының дамуына айтарлықтай үлес қосты, — дейді металлург, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Сұлтанбек Қожахметов.

Пешті енгізу инженерлер, технологиялық мамандар мен жұмысшылардың көп еңбегін талап етті. Олар процесті бақылаудың жаңа әдістерін жасап, жабдықты бейімдеді және қызметкерлерді кәсіби тұрғыда даярлады. Қазіргі таңда Ванюков пеші БМЗ-де мыс балқыту өндірісінің жүрегі болып қала береді, өндірілетін өнімнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кәсіпорынның ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтайды.

– Ванюков пеші – жай ғана 1985 жылы іске қосылған жабдық қана емес, - дейді БМЗ ЖШС «Kazakhmys Smelting» директоры Айдар Түсіпбеков. - Қырық жылда ол өзінің сенімділігі мен өндірістік тиімділігін дәлелдеді. Сұйық ваннадағы балқыту технологиясы зауыттың негізгі жұмыс әдісі болып қала береді. Біз өндіріс учаскелерін жаңартып, заманауи шешімдерді енгізіп, мамандарымыздың кәсіби даярлығын үнемі арттырамыз.

Балқаш мыс балқыту зауыты үнемі инновациялық әдістерді енгізуге ұмтылған. Соның бір дәлелі ретінде Ванюков пеші технологиялық прогрестің нышанына айналып, отандық инженерлік шешімдердің кәсіпорынның экономикалық көрсеткішін жақсартатын, энергия шығынын азайта алатынын және экологиялық қауіпсіздікті арттыра алатынын көрсетті.

Мерейтой бұл жабдықты әрі қарай қайта жаңғырту, экологиялық талаптарды күшейту және кадрлық әлеуетті дамыту жоспарымен тұспа-тұс келеді. Келесі жылдары зауытта автоматтандыру жүйелерін енгізу, қосымша өндіріс учаскелерін жаңарту және сапаны бақылаудың озық әдістерін қолдану жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорынның көшбасшылығын сақтап, өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Ванюков пешінің 40 жылдығы – тек тарихи оқиға емес, бұл Балқаш мыс балқыту зауытының жаңа жетістіктеріне бастайтын нүкте. Жылдар бойы сыналған технология кәсіпорын табысының негізі болып қала береді, нарықтағы орнын нығайтады және Қазақстан металлургиясының тұрақты дамуына үлгі болады.