«Уақыт босаңсуды көтермейді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкімет мүшелері, әкімдер, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары қатысқан кеңейтілген отырыс болып өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Уақыт босаңсуды көтермейді» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, Елбасы дағдарыстың екінші толқыны жақындап келе жатқанын айта келіп, Үкіметке тиісті шараларды белгілеп, әлемдегі жағдайға мониторинг жасай отырып, жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізу керектігін атап көрсеткен. «Біріншіден, бұл ретте бәрін Үкімет Кеңсесіне жүктей бермей, Премьер-Министрдің орынбасарларының жауапкершілігін, олардың министрлермен және әкімдермен іс-қимыл әрекеттестігін арттыру керек. Екіншіден, Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып, жағдайға талдау жасап, мемлекеттік қызмет тізбесін қалыптастыруды 1 мамырға дейін іске асыратын болсын. Үшіншіден, 1 наурызға дейін министрліктер, ведомстволар мен әкімдіктер құрылымы туралы жаңа типтік ережені бекітіп, мұнан кейін екі айдың ішінде оларды оңтайландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Төртіншіден, 15 сәуірге дейін ұлттық холдингтерді, компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныс әзірленетін болсын», - деді Елбасы.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңес­інің, ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу соңында Жолдаудың негізгі бағыттары тағы да електен өткізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан халқына Елбасының Жолдауын қолдау туралы үндеуі қабылданды, Ассамблеяның Жолдауды ақпараттық-насихаттау және ғылыми-сарапшылық қолдау бағыттары айқындалды.

***

Жексенбі күні Алматыда допты хоккейден әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Әлемнің әр қиырынан келген үміткерлер өздерінің деңгейі және дәрежелеріне сәйкес үш дивизионға бөлініп, бірер күн шеберлік байқасады. Ресей, Швеция, Финляндия, Норвегия, АҚШ және Қазақстан секілді мықтылар әдеттегідей «А» тобында өнер көрсетеді. Бас жүлде үшін талас осы мемлекеттер арасында өрбиді. Ал ортаңқол және осалдар санатына жататын өзге елдердің ұлттық құрамалары төменгі, яғни «В» және «С» дивизиондарында ойнайды. «Мықтылар «Медеуде» айқасады» деген тақырыппен берілген осы және басқа да спорт жаңалықтарын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің сенбілік санын жіберіп алмаңыз.

«Айқын» газетінің жазуынша, елімізде жанармай мен өзге де мұнай өнімдерін халыққа сататын операторлардың қауымдастығы құрылды. «Қазақстандық жанармай қауымдастығы 1» деп аталатын бұл ұйымға әзірге жанармай нарығындағы 16 тәуелсіз оператор кіріп отыр. Қауымдастық таратқан мәлімдемеге сәйкес, бұл ұйымға кез келген жанармай бекетінің қожайыны немесе мұнай өнімдерін сататын компаниялар кіре алады. Ал қауымдастық елімізде мұнай өнімдерін өндіру мен оның айналымын қадағалайтын мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық жанармай нарығын сапалы өнімдермен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету бағытында жұмыс істемек.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлымен арадағы сұхбат «Мәтінтануға мән бермейінше, тілді дамыта алмаймыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым. «Смағұл Сәдуақасовтың біздің дәуіріміздегі жағдайы қоғамды, жалпы зиялыларды ойландыратын жағдай болды. өкініштісі сол, ұлт үшін күрескен тарихтағы белгілі тұлғаларды қадірлеуде имандылық жолмен іс-шаралар жасауға біз дайын емес екенбіз. Бірақ уақыт деген өз орнында тұра бермейді. Тарихты біз ғана жасамаймыз, бізден кейін де тарихты парақтайтын тұлғалар келеді. Сондықтан бұл мәселе әлі де күн тәртібінде қала береді», - дейді. 

                                                                                            ***

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы ел азаматтарына Үндеуі жариялады. Үндеу мәтіні «Казахстанская правда» газетінде жарияланып отыр. Онда: «Жолдауда ерекше назар халықтың денсаулығына, адам өміріне қатер төндіретін аурулармен мақсатты түрде және тиімді күресу мәселесіне аударылды. Сонымен қатар, Елбасы кешенді жоспар негізінде білім саласында, халықтың негізгі рухани құндылығы - отансүйгіштік, этносаралық келісім, толеранттылық пен қарым-қатынас мәдениеті, ізгілікке тәрбиелеуді күшейтуді белгіледі. Президент, әлеуметтік жаңғырту - жаңа Парламент пен Үкіметтің қызметіндегі, Қазақстанның барлық басқарушы күшінің негізгі міндеті деп айқындады», - делінген.