Уақыт тиімді ұйымдастырылса оны спортқа да, білім мен жұмысқа да, демалуға және достарыңмен кездесуге де жеткізуге болады - Н.Назарбаев

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Уақыт тиімді ұйымдастырылса оны спортқа да, білім мен жұмысқа да, демалуға және достарыңмен кездесуге де жеткізуге болады. Бұл пікірін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанадағы «Атамекен» Қазақстан картасы» - этно-мемориалдық кешенінде 11 сынып оқушылары мен аталмыш кешеннің патриоттар клубының мүшелерімен болған кездесуі барысында айтты.

Елбасы, 2009 жылы джиу-джитсудан өткен Әлем чемпионатының күміс медаль иегері, № 60-шы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Ахмет Атабаевтың: «Алдағы өмірімді спортпен байланыстырсам, болашағым қалай болады екен?», деген сауалына жауап бере келе: «Менің ойымша, адамдар өз уақыттарын босқа өткізбеуі тиіс. Уақытты тиімді ұйымдастыра білсең, оны спортқа да, білім мен жұмысқа да, демалуға және достарыңмен кездесуге де жеткізуге болады. Қазір сіздерге әлем мәңгілік сияқты болып көрінеді. Бірақ өмір қарқынмен өтіп жатыр. Сондықтан, егер спортты таңдасаң оны соңына дейін жеткізу керек. Кез-келген спорт түрі ол сенің қолыңнан келіп тұрса ғана - жақсы. Қолыңнан келмесе оған ықтиярың да болмайды. Барлығы талап пен ерікті қажет етеді. Сонда ғана арманыңа қол жеткізе аласың», деді Н.Назарбаев.

Президент атап көрсеткендей, кез-келген адамның белгілі бір бағытта, не болмаса салада қабілеті болады, тек соны қолға алып, жетілдіру қажет.