«Бұған дейін бізде уақытша тіркеу болған. Осыны ескеру керек. Былтыр 20 мыңнан астам адам уақытша тіркелген. Биылғы жылдың өзгешелігі сол - уақытша тіркеуге тұрмағаны және тұрғызбағаны үшін айыппұл енгізіліп отыр. Болды. Басқа ешқандай жаңалық жоқ. Ондай шара халықтың өзіне де керек. Тіркеу ол бақылау шарасы емес, бұл - адамның қайда жүргені мен тұрғаны туралы мемлекеттік органдарды ескерту бергені. Сол мекенжай бойынша ол аурухананың көмегіне жүгіне алады, баласын мектепке береді және тағысын тағы. Мемлекеттік органдар болса, халықтың санына қарап, мектеп, балабақшамен аурухана сияқты нысандардың құрылысын жоспарлай алады. Оны да ұмытпау қажет»,- деді Дөненбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, келесі айда пәтер жалдайтындарды жаппай ешкім тексермейді. Себебі ондай шаралар көші-қон қызметінің міндетіне кірмейді. Жергілікті учаскелік полицейлер де күнделікті кесте бойынша жұмыс істейді, яғни арыз-шағым түскен жағдайда ғана пәтерде болып жатқан мән-жайды анықтап, адамдарды тексеретін болады.
«Олар құжаттың нөмірін жазып алады да, деректер базасы арқылы тіркеудің бар-жоғын тексере салады. Ал жолда жүргендерді учаскелік бөлімшеге ешкім сүйреп апармайды», - деп атап көрсетті Дөненбаева.
Айта кетейік, қаңтардың7-сі күні күшіне енген заңнамаға сәйкес, уақытша тіркелмегені үшін әкімшілік жаза, яғни айыппұл салу шарасы енгізілген болатын. Бір айдың ішінде тек түсіндіру мен ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ал ақпанның 7-сінен бастап тұрақты және уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға айыппұл салынады. Уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін 15 883 теңге, ал тіркеуге тұрғызбағаны үшін 22 690 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Үйдің құжаттары дайын болмаса, жұмыс орны, я болмаса туыстардың мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға болады. Уақытша тіркеу коммуналдық төлемдерге әсер етпейді.