Уақытша тіркеуге тұрушылардың қатары артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда уақытша тіркеуге тұрушылардң қатары арта түсуде. Бұл туралы бүгін «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасары Шоқан Әбділманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағылхан халық легіне қызмет көрсетіп үлгеру үшін бізге белгілі бір уақыт қажет. Дегенмен, процесс басталып та кетті. Біз таңертеңгі 8-ден бастап және демалыс күндері де жұмыс істей бастағанымызды ескерсек те бізге жүгінген адамдардың арта түсуі байқалады. Уақытша тіркеу бойынша электронды анықтамаға сұраныс негізінен Алматы мен Астана сынды үлкен қалаларда байқалады. Өзге өңірлерде мұндай дүрбелең жоқ. Шымкент, Қарағанды және Павлодарда да жәрдемақыға байланысты электронды қызметке сұраныстың өскені байқалады. Қалған өңірлердегі ахуал бақылауда тұр», - деді ол.

Айта кетейік, таяуда өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ел азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу және уақытша тіркеуге қатысты түсіндіру жұмыстарын дер кезінде жүргізу керектігін айтты. Сонымен қатар Премьер-Министр онлайн режімде уақытша тіркелу қызметін тездетіп іске қосуды тапсырды.

«Халықты ол қызметті әкімнің әзірлейтіні қызықтырмайды. Ұлттық технологиялық орталық па, Ішкі істер министрлігі ме, онда жұмысы жоқ. Ел азаматтары былай дейді, сіздер заңды қабылдадыңыздар, біз сол заңға бағынатын азаматтар ретінде тіркеуге тұруға келдік. Болды. Уақытша тіркеуді енгізгені дұрыс. Оған дау жоқ. Дегенмен, осы жұмысты ұйымдастыру шараларымыз xалықтың көңілінен шықпады. Біз қайтадан шалыс бастық. Халыққа тікелей қатысы бар заңды қабылдаймыз да, оның негізгі нормаларын дұрыс жеткізе алмаймыз. Алдағы уақытта осыны ескеру керек», - деді Сағынтаев.