Уақытынан кешіккен «Петропавл-Алматы» пойызының жолаушылары өтемақы алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Петропавл-Алматы» пойызының жолаушылары рейстің кешігуіне байланысты өтемақы алады.

Бұл туралы ҚазАқпарат «Жолаушылар тасымалы» компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.

Компания ақпаратына сәйкес, пойыз Алматыға уақытынан кешігіп жетеді. Өйткені, 1 желтоқсан күні түнгі сағат 22:17-де «Петропавл-Алматы» бағытында қатынайтын пойыз Ақтасты стансысында техникалық себептерге байланысты жоспардан тыс аялдаған. Барлық жолаушылар басқа құрамға отырғызылып, Астанаға жөнелтілген.

«Пойыздың Алматыға келуі кешіктіріледі деп күтілуде. Жолаушылар Алматыға жеткеннен кейін «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңына және «ҚР-ның темір жол көлігімен жолаушыларды, жүктерді және жүк багаждарын тасымалдау ережесіне» сәйкес өтемақы ала алады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ форс-мажорлық жағдайға байланысты кешірім сұрайды», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, бұған дейін «Петропавл-Алматы» пойызы жолда шамамен 5 сағат тұрып қалғандығы хабарланған болатын.