«Қазақстанда теңгемен активтерге және депозиттердің долларлануының төмендеуіне деген сенімнің қалпына келуінің жағымды үрдістері байқалды. Халықтың және кәсіпорындардың валютаға басымдық беруі өзгеруде, теңгемен салымдардың үдемелі өсуі байқалуда», - деді Данияр Ақышев.
Бұған көбіне Ұлттық банктің теңгемен құралдар тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралары ықпал етті. Белгілі болғандай, жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ең жоғарғы мөлшерлемелер 2016 жылғы ақпанда 10%-дан 14%-ға дейін көтерілді және шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелер 3%-дан 2%-ға дейін төмендетілді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, қыркүйектің қорытындысы бойынша шетел валютасындағы депозиттер үлесі 2016 жылғы қаңтардан бастап 70%-дан 58,3%-ға дейін, оның ішінде халықтікі 80%-дан 66,6%-ға дейін, заңды тұлғалардікі 62%-дан 52,5%-ға дейін төмендеді.