ҰБТ: 27 мектеп директоры қызметтен кетуі ықтимал - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімдігінде өңір басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен ҰБТ-ның қорытындысына арналған мәжіліс өтті.

Биылғы жылдың Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республикада 11-орыннан көрінді. Аудандар арасында Қазалы, Шиелі мен Жаңақорғанның деңгейі басқаларынан төмен. ҰБТ туралы облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова жан-жақты тоқталып өтті. Өткен жылы тәуір көрсеткіш көрсете алмаған білім ошақтары бұл жолы да жерге қаратты. Биылғы оқу жылында 7755 түлектің сынаққа 5048-і немесе 66 пайызы қатысқан. Талапкерлердің орташа ұпайы өткен жылы 64,02 болса, биыл 73,4-ті құрады. «Алтын белгіге» үміткер 196 жастың 62-сі өз білімдерін дәлелдеп шықты. Үздік аттестатқа үміткер 79 түлектің 20-сы ғана тиісті балға қол жеткізе алды. Биыл шекті балды жинай алмағандардың саны 681-ді құрады. Облыс бойынша ең жоғары 121 балға екі оқушы ғана қол жеткізді. Олар - Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласынан. ҰБТ барысында 270 қыз-жігіттің күнделігіне екілік түсті.

Аймақ басшысы айтқандай, бұл көрсеткіштердің артында жүздеген жастың тағдыры тұр. Білім саласындағы кейбір қызметкерлердің мұны түсінгісі келмейтіні өкінішті. Бұл салаға облыс бюджетінің 40 пайызы жұмсалады, ал қайтарымы көңіл көншітпейді. Әдістемелік жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Жоғары санатты мұғалімдердің үлесі республикалық көрсеткіштен 5 есе төмен. Жыл сайын жоғары санат үшін үстемеақы төлеуге бағытталған республикалық бюджет қаржысы кері қайтарылады. Мысалы, 2012 жылы - 128 млн. теңге.

- Өзінің жұмысында осындай кемшілік жіберген мектеп директорлары жауапкершілікті тек білім басқармасының алдында емес, өзінің, халықтың алдында тартуы керек, - деді Қ.Көшербаев. - Не ексең, соны орасың! Бір орында тапжылмай отырып, түк бітірмеу - нағыз білімсіздік. Оқушыға білім берудің орнына, мұғалімнің бірін алып, бірін салып, біреуіне аз, біреуіне көп жүктеме бөлуден басқа ештеңе білмейтін директордан қандай нәтижелі жұмыс күтеміз?!

Басқосуда облыс әкімі сенімді ақтай алмаған 27 мектеп директоры қызметтен кететінін айтып, осы салаға жауапты қала және аудан әкімдері орынбасарларының мәселесі бөлек қаралатынын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Қырымбек Көшербаев білім беру сапасын жоғары дәрежеде қамтамасыз ету үшін кадрлық әлеуетті күшейтуді міндеттеді.