ҰБТ: Астанада екі күннің қорытындысы бойынша орташа балл 86,3 құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақ гуманитарлық-заң университеті ғимаратында 466 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті.

Екі күннің қорытындысы бойынша Астана қаласында орташа балл 86,3 құрады. Жалпы, бұған дейін ҰБТ-ға 2016 түлек қатысып, өз білімдерін сынап үлгерді. Олардың 1029-ы - қазақ тілінде, ал 987-і - орыс тілінде тестілеу тапсырды, деп хабарлайды astana.kz. Тестілеу таңдау пәнін қоса алғанда, 5 пән бойынша өтеді, сондай-ақ 3,5 астрономиялық сағатқа жалғасады. Биыл аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беру пәндері бойынша жылдық бағаны есептей келе, орташа арифметикалық баға қойылады. Бұдан бөлек, тестілеу нәтижелері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады, сайттағы нәтижені оқушының жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы білуге болады. Жалпы, Астана бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) 3,5 мыңнан астам түлек тапсырады, соның ішінде 180 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, ал 79-ы ерекше үлгідегі аттестат алады.