ҰБТ-да талапкерлер 2027 жылы химия пәнімен екі түрлі комбинацияны таңдай алады

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламалары тобына түсетін талапкерлер ҰБТ-да бейіндік пәндердің «Химия — Физика» немесе «Химия — Биология» комбинациясын таңдай алады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, мұндай шешім талапкерлерден түскен өтініштер ескеріліп қабылданған. Осылайша, 2027 жылы өтпелі кезең қарастырылып, талапкерлерге екі пән комбинациясының бірін таңдау мүмкіндігі беріледі.

«Химия — Биология» комбинациясына көшу бастамасын Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен бейінді кәсіпорындар, яғни жұмыс берушілер ұсынған. Бұл өзгеріс талапкерлердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, саладағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.

Жаңа комбинация арқылы талапкерлер білім берудің төрт бағыты бойынша 18 білім беру бағдарламасына грант конкурсына қатыса алады. Ал «Химия — Физика» комбинациясымен мұндай мүмкіндік бұрын тек бір бағыт бойынша ғана болған.

«Химия — Биология» комбинациясына толық көшу 2028 жылғы ҰБТ-дан басталады деп жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2027 жылы ҰБТ жүйесі өзгермейтінін айтқан еді.