ҰБТ-да жоғары балды репетиторсыз алуға болады - Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай ұлттық тестілеуде (ҰБТ) жоғары балл жинаған түлектердің басым бөлігі қосымша дайындық орталықтарына немесе репетиторларға жүгінетіні туралы мәселе қоғамда жиі көтеріледі. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министрдің айтуынша, репетиторлық қызмет тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар құбылыс.

– Мұндай тәжірибе тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде бар. Әсіресе Азия елдерінде ата-аналар балалардың болашағына өте қатты мән береді. Біз де азиялық мәдениеттегі қоғам болғандықтан, ата-аналар балаларына барынша жақсы мүмкіндік жасауға тырысады, – деді ол.

Саясат Нұрбек Қытай тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ол елде репетиторлық қызметке шектеу енгізілгенімен, бұл көлеңкелі нарықтың пайда болуына әкелген.

– Мысал ретінде Қытайды алуға болады, онда репетиторлық қызмет заңмен тыйым салынған. Бірақ бұл жеке репетиторлар мен дайындық қызметтерінің көлеңкелі нарығын күшейтті, өйткені сұраныс одан да жоғары болды, – деді министр.

Оның сөзінше, жеке орталықтардың үздік нәтижелерді жарнама ретінде пайдалануы – нарықтық тәжірибенің бір бөлігі.

– Менің жеке пікірім – бұл толық дұрыс емес. Бұл маркетинг. Орталықтар үшін бұл көрсеткіш: егер оқушы жоғары балл алса, оны жарнама ретінде қолданады. Кейбір орталықтар айналасында үлкен хайп қалыптастырады, – деді Саясат Нұрбек.

Сонымен бірге ол бұл нарықтың құқықтық тұрғыдан реттелетінін атап өтті.

– Бірақ, екінші жағынан, Кәсіпкерлік кодекс бар. Бұл – қызмет көрсету нарығы. Заң кәсіпкерлердің құқықтарын қатаң қорғайды. Сондықтан мұндай білім беру нарығы бар және ол жұмыс істеп тұр, – деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек жоғары баллды репетиторсыз да жинауға болатынын атап өтті.

– Әрине, болады. Өткен жылы да репетиторсыз-ақ жоғары балл алған оқушылар болды. Ең бастысы – жүйелі дайындық, мектептегі сапалы білім және оқушының жеке мотивациясы, – деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы ШоқанУәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейдің бітіруші түлектері, егіз қыздар Кәусар және Гауһар Алтынсары ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, аймақ мерейін үстем етті.