ҰБТ-ға қатысатын талапкерлер саны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — ҰБТ-ға қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде колледж түлектері мен өткен жылдардың мектеп бітірушілері де бар. Шамамен 200 мыңы — биылғы мектеп түлектері.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. Сонымен қатар министр барлық өңірде жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары, жоғары оқу орындары мен білім басқармалары қатысатын мемлекеттік комиссиялар құрылғанын айтты.

— Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтіп жатыр. Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушылар дұрыс және қате жауаптар туралы ақпаратпен қатар, нәтижелердің толық талдауын алады. Бүгінгі таңда тестілеуден 80 мыңнан астам адам өтті, — деді Үкімет отырысында.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарына қабылдаудың ашықтығы мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында талапкерлер күнтізбесі ұсынылып, құжаттарды қабылдау онлайн және офлайн форматта жүзеге асырылатынын айтты.

— Педагогикалық және медициналық бағыттарға түсушілер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Сонымен қатар тиісті білім беру бағдарламаларына түсуші талапкерлер үшін шығармашылық емтихандар ұйымдастырылады. Мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады, — деді ол.

Сонымен қатар, ол өз сөзінде 28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында жоғары оқу орындарында бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы өтетінін айтты.

Айта кетейік, 2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 92 мыңға жуық рет тапсырылды.