ҰБТ-ға қатысуға өтініштер қай кезден бастап қабылданатыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM - 25 шілдеде тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға өтініш қабылдау басталып, 5 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Тамыз ҰБТ-сы жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тестілеуді қайта тапсыруға ниетті талапкерлерге арналған. Алдыңғы ҰБТ-ларда шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тестілеуден қайта өту мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар алдыңғы ҰБТ-ларға қатысқан талапкерлер тамыз ҰБТ-сына өтініш беру кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады.

Өтініш беру барысында тестіленушілер ҰБТ өтетін пунктіні, күнді және уақытты өздері таңдайды.

-Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатыса алады,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Осыған дейін әскери колледж түлектері ҰБТ-сыз әскери институтқа түсе алатыны туралы жаздық.