ҰБТ: Қазалыдан 21 «Алтын белгіге» үміткер, 4 үздік оқушы өз білімдерін қорғап шықты - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазалы ауданынан мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер он бір жыл бойғы алған білімдерін сынайтын Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз бақтарын сынады.

Биылғы тестілеудің басты ерекшелігі, тәртіп күшейтіліп, бейнебақылаулар, металл іздегіш қондырғылар орнатылған.

Оқушыларға тест тапсырмаларын орындауға үш жарым сағат уақыт бөлінді. Ата-аналар болса, мектеп ауласында орналасқан экраннан балаларының тест сынағын тапсыру сәтін көріп отырды.

Аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейде ұйымдастырылған ұлттық сынаққа Қазалы ауданының мектептерін бітіргенлі отырған 756 түлектің 466-сы /61,6 пайызы/ ҰБТ тапсыруға тілек білдірген болатын.

Қазалы ауданы бойынша ҰБТ көрсеткіші былтыр /2014 ж./ 75,2 пайыз болса, биыл /2015 ж./ 82,2 пайызға көтерілді. Әзірге Қазалы ауданы Қызылорда облысы бойынша ІІ орында келеді.

«Алтын белгіге» үміткер 24 оқушының 21-і және 4 оқу озаты («Үздік аттестатқа») өз білімдерін қорғап шықты.

Ең жоғарғы 119 балл жинаған №249 мектеп-лицей оқушысы Едіге Әлихан, №94 орта мектептен Байтуған Алтынай «Алтын белгі» иегері болды.