Талапкерлердің 71%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде және 164 адам ағылшын тілінде тапсырды.
— Екінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже — 138 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 235 талапкер қатысты, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ-ны өткізудің екінші аптасында 178 ереже бұзушылық анықталды. 103 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 75 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.
Бұған дейін хабарланғандай, енді ҰБТ сертификатымен Малайзия ЖОО-ларына түсуге болады.