«ҰБТ-ны қайта тапсыру ақылы болмақ» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 мамыр, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Нюсупов, Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж.Жонтаева, Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры С.Өмірбаевтың, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы К.Шәмшидинова және Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қ.Әбдиевтің қатысуымен 2016 жылғы ҰБТ-ны өткізуге дайындық турасында брифинг болып өтті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «ҰБТ-ны қайта тапсыру ақылы болмақ» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, шекті 50 балл жинай алмаған бітірушілер үшін 2016 жылдың тамыз айында кешенді тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі берілген. Бірақ, қайта тапсыру ақылы, бар болғаны 2242 теңге және ақылы негізде оқуға ғана құқық береді. Аталған шара жоғары оқу орнында білім алуға ниет білдірген барлық 86 991 бітірушіге жоғары білім алуға үлкен көмек. БҒМ, жергілікті атқарушы органдар және ҰБТӨП жанындағы мемлекеттік комиссиялар ҰБТ-ны сәтті өткізу үшін қажетті жағдай жасауда. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 20-30 пайызға жаңартылып отырады. Сондай-ақ, бұл жүйе бойынша 1609 аудиторияны пайдалану жоспарда тұр.

Осы басылымның бүгінгі нөмірінде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевпен арадағы әңгіме «Миллиондаған гектар алқаптың табиғи қалпы дабыл қағарлық жағдайға жеткен» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісі сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Шындығын айту керек, біз әлі күнге тек көшпелі тұрмыс салтынан әріге аса алмай келе жатқан жұртпыз. Иен жатқан жерді игеруге емес, тек мал шаруашылығына ғана иек артып, әрлі-берлі көшіп жүрумен шектеліп отырмыз. Негізінде, ғылыми тұрғыдан егер жерді тиімді пайдаланбаса, оның өсімдік әлемі күйреп, топырағы эррозияға ұшырай бастайды. Мал баспаған топырақ та, қопсытылып, дақыл себілмеген алқап та белгілі бір уақыттан кейін не тұзды сортаңға айналады, не ауырады, яғни ешбір өнім бермейтін жағдайға душар болады. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдар ретінде Қазақстанның барлық аймағындағы жердің ахуалын байқап отырамыз. Өзен-көлді, сулы аймақта бақша ісімен, егін және мал шаруашылығымен айналыспаса, айналасы 10 жылдан соң ол жерлер табиғи құнарлылығын жоғалтып, Арал аймағы секілді тұзды алқапқа айнала бастайды. Осы ретте қаншама миллион жеріміздің табиғи қалпы қазірде дабыл қақтырарлық жағдайда екендігін түсінуіміз керек», - дейді.

«Оралда ата-аналар «Золотой петушоу» балабақшасының жанынан шалбары тізесіне түскен адамды ұстап алды», - деп жазады «Время» газеті. Басылымның жазуынша, 12 мамыр күні кешкісін ата-аналардың бірі баласын алып кету үшін балабақшаға келген. Ол балақша ішіне кірген кезде қарсы алдынан шалбары тізесіне түскен бір еркек қарсы жүгіріп шыққан. Оны балабақшаның шаруашылық меңгерушісі қуып келе жатқан. «Бұл еркектің осы жерге кемінде үшінші рет келген анықтадық. Балабақша қызметкерлері оның балалар ойын алаңында бірнеше рет көргенін, алайда күдікті қылығын байқамағандықтарын айтуда. Оны ауладан шығарып жібергенімен, полицияны шақырмаған. Бірақ, ол әлеуметтік қауіпті адам екендігі айқын», - деді ол.

«Ақмола облысында бір еркек трактордың 200 келілік дөңгелегін ұрлап кетті. Сол үшін де ол бүгінде қуатты ұры атанып отыр», - деп жазады «Экспресс К». Қылмыс Астрахан ауданына қарасты ауылдардың бірінде орын алған. Жергілікті тұрғын К-700 тракторының дөңгелегі жоғалғанын анықтағаннан кейін жергілікті учаскеліп полиция ұрланған мүлікті ауылдың 36 жастағы тұрғынының ауласынан тапқан. Сөйтсе, ұры түн ішінде ауылдасының ауласына кіріп, дөңгелекті ұрлап кеткен екен. Ол ұрланған дүниесінен бассейін жасамақ болған.