Бұл туралы бүгін республикалық тамыз конференциясына қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті.
«Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты мәселе көп. Министрлік тестілеу ойдағыдай өтті, оқушылардың білім деңгейі жақсы деп есеп берді. Бірақ, бәрібір арыз-шағым азайған жоқ. Білім басқармалары, мектеп директорлары мен әкімдіктер статистиканың соңына түсіп, ҰБТ-ға барынша көп оқушы қатысса және жоғары балл жинаса болды дейді. Бірақ, бұл дұрыс емес»,-деді Б.Сапарбаев.
Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ете түсу керек.
«Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналардың көбі Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібін, ондағы сұрақтардың қандай болатынын білмейміз дейді. Яғни, ашықтық жоқ. Сондықтан, Білім министрлігіне әкімдіктермен бірге өткен жылдың қорытындысы бойынша арыз-шағымдардың барлығын қарап, өз ұсыныстарын енгізуді тапсырамын. Мүмкін барлық облыста тиісті жұмыс тобын құру керек шығар. Кейін, сол ұсыныстарды министрлікке тапсырса, біз ол ұсыныстарды қарап, жыл соңына Ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ететін өзгерістер енгіземіз деп ойлаймын. Келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында сол өзгерістер туралы БАҚ-тарға жариялаймыз»,-деді Б.Сапарбаев.