ҰБТ сынағынан Астана қаласы бойынша №38 қазақ мектеп-лицейі ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Биыл ұлттық бірыңғай тест сынағынан Астана қаласы бойынша №38 қазақ мектеп-лицейі ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, өзге білім ордаларынан озық шықты.

Биыл мектеп бітірген 47 түлектің 25-і тест сынағының балын 100-ден асырған. Ал «Алтын белгі» атағынан үмітті 5 түлек жоғарғы көрсеткіштерімен өз біліктіліктерін қорғап, ұстаздарын да, ата-аналарын да қуантты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Елорда бойынша ең жоғары 123 балды жинаған жас түлек те осы №38 мектеп-лицейді бітіруші Әмина Құсайынова болды. Білім мен ақыл-парасатты бойына жиған Әмина алдағы уақытта да ел сенімін ақтайтынына мектеп ұжымы үлкен үміт артып отыр. Биыл №38 қазақ мектеп-лицейінің ашылғанына 10 жыл толады. 1999 жылы жаңа үлгіде салынған осы білім шаңырағын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашып, алқызыл лентасын қиып, жас ұрпаққа ақ тілегін арнаған болатын. Бұл мектеп-лицейдің ұстаздары сол күннен бастап өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Жамал Базарқұлқызы Қасымбек басшылық жасайтын ұжымда тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді. Дарынды балалармен жұмыс істеу ісі өте жақсы жолға қойылған. 5 сыныптан бастап 11 сыныптың аралығындағы оқушылар ғылыми жұмыстармен айналысады. Олимпиадалық резерв мектебі бар. Бұл білім ордасында ұлттық бірыңғай тест сынағына дайындық қалыптасқан дәстүр бойынша өткен жылы қыркүйектің 1-інен басталған болатын.«Биылғы түлектеріміз мемлекеттік сынақтан жоғары нәтиже көрсетті. Бұл біздің мектеп-лицейдің он жылдық мерейтойына шәкірттеріміздің жасалған лайықты сыйлығы мен құрметі деп білеміз. Өткен жылы түлектеріміздің білім көрсеткіші 94 пайызды құраған болса, биыл 101 пайызға жетті. Осы білім ұясында тәлім алған шәкірттер алдағы уақытта да үлкен жетістіктерімен қуанта беретініне кәміл сенемін»,- дейді Жамал Базарқұлқызы.