ҰБТ жыры таусылар емес, Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Астана қалалық ІІД басшылығының уәжіне наразылық білдіруде

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Астана қалалық ІІД бастығы орынбасарының  уәжіне наразылық танытуда.

Бұл жайында аталған университеттің бірінші проректоры А.Әбдіровтің агенттікке жолдаған хатында айтылған. Біз осы хаттың мәтінін оқырман назарына ұсынамыз.

«Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қайрат Мұхитовтың республикалық газеттердің бірінде жарық көрген мақалада «ҰБТ кезінде гинеколог рөлін университеттің медицина қызметкерлері атқарды» деген уәжіне наразылық танытып отыр. Аталған  жарияланымда елордадағы ең көне университеттердің бірінің, оның басшылығының ар-ожданына нұқсан келтірілген.

Біз, бірінші кезекте Қ.Мұхитов мырза әділдікті орнатудың орнына өз абыройларын сақтап қалу үшін қызметкерлерінің жауапкершілігін біздің университетке аударып отыр деп санаймыз. 

Өйткені қыздарды тексеруді тікелей Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргізген болатын. Бұл жайында ар-ожданына нұқсан келтірілген қыздардың өздері-ақ бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында мәлімдеген еді. Оны ҰБТ өткізуге қатысқандардың барлығы да біледі.

Тексеруге келген полиция қызметкерлеріне (8 қызметкер және ІІМ-нің 4 қызметкері) арнайы нұсқаулықты аға лейтенант О.В.Плахотнюк комиссия мүшесі, учаскелік полиция қызметкері А.Аменмен бірге жүргізген болатын.  Әділдік үшін айта кету керек, ол кезде түлектермен барынша сыпайы болу керектігі және шектеу қойылған заттарды олардан ерікті түрде алу қажеттігі нақты айтылған-ды.

Мақалада көрсетілгендей университет ректоры ешқандай нұқсаулық берген жоқ. Оған сол жерде болған комиссия мүшелері, министрлік өкілдері және университет қызметкерлері куә. Ол тек түлектермен барынша сыпайы болу керектігін баса айтып, оларды дәрісханаға дер уақытында отырғызу керектігін тілге тиек етті. Ал ІІД бастығы орынбасарының университетте талапкерлерді тексеру ректордың өтініші бойынша жүргізілді деген пікірі жалған.

Барлық заң бұзушылықтар Астана қалалық ІІД қызметкерлері жұмыс істеген перденің ар жағында орын алды. Оны балалардың өздері де айтып отыр. Ұлдарды да ІІД қызметкерлері тексерді, бірақ та ол біздің көз алдымызда өтіп, ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ.

ҰБТ өткізу барысында балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медицина қызметкерлерінің және жедел жәрдем көлігінің болуы қарастырылған әрі олар тексеруге қатыспайды да. Ректор  тексеру жүргізу үшін университеттің медицина қызметкерлерін тартқан жоқ. Медицина қызметкерінің айтуынша, ІІД қызметкерлерінің өздері оны кабинаға медициналық көмек көрсету үшін шақырған әрі ол гинеколог емес.  

ҰБТ-ны университет өткізбейді, тек біздің базамызда ғана ұйымдастырылады. Аталған факті бойынша құрылған Білім және ғылым министрлігінің  комиссиясы университет қызметкерлерінің оның ішінде ректордың да кінәсі жоқ екендігін анықтады. Университеттің ұжымы бұқаралық ақпарат құралдарында білім ошағының атына нұқсан келтіретін деректердің жариялануына алаңдаушылық танытуда».