Учаскелік комиссияның жұмысы оңай болған жоқ – халықаралық байқаушы
«Учаскелер әкімшілігі өз жұмысына жауапты қарады, олардың өз ісіне деген жауапкершілігіне көңілім толды. Олардың жұмысы оңай болған жоқ», - деді Ричард Уильям Вайц.
Баспасөз конференциясы барысында байқаушы қоғам өкілдерінен, партиядан байқаушыларды шақыратын қазақстандық тәжірибеге таң қалғанын айтты.
«Бұл - қызық әдіс, Америкада ондай әдіс жоқ. Мен үшін бұл тәжірибе пайдалы болды. Мен ол адамдармен сөйлестім, сұрақтарымды қойдым», - деді спикер.
Айтуынша, жергілікті сайлау комиссияларының тағы бір ерекшеленген тұсы – мүмкіндігі шектеулі адамдарға дауыс беруге жағдай жасалғаны.
«Алматының сайлау учаскелері цифрландырылған. Ертең, 21 қарашада Астанаға жолға шығам. Онда да осы жұмысты жалғастырам. Сарапшылармен кездесем. АҚШ-қа қайтқаннан кейін есеп жазуға кірісем»,- деді ол.