Учаскелік полиция инспекторларының 60 пайызы тәртіптік жауапкершілікке тартылды - Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Учаскелік полиция инспекторларының қызметіне қатысты тұрғындардың арыз-шағымы көп.

 Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алматыда  тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, қысқы жылу маусымына дайындық пен  қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне арналған алқалы жиында айтты.

«2011 жылы 241 учаскелік полиция инспекторы немесе жеке құрамның 60 пайызы тәртіптік   жауапкершілікке тартылған. Өз жұмысында қандай да бір тәртіп бұзғаны үшін. Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көп, көбі оларды білмейді. Учаскелік инспекторлар түрлі притондарды, нашақорларды  жасырып, заңсыз саудаға ықпал етуде. Кейбіреулері оны бүркемелеп, желеп-жебейді», - деді А.Есімов. Шаһар басшысы, қоғам өкілдерінің құқық қорғау органдарының қызметін бақылаудағы рөлін жоғары бағалады. Жұртшылық тарапынан түскен анықтаманың  бірі  Жетісу ауданындағы Сейфуллин даңғылы 57-үйде орналасқан №86 тірек пунктіне қатысты. Онда полиция капитаны Руслан - Марат, Азамат, Бауыржанмен бірге жезөкшелерге қорғаныш болады екен. Ахметжан Смағұлұлы: «Бүгінгі күннің өзге де кейіпкерлері туралы менің қолымда қазір түрлі анықтамалар бар фотоматериалдарымен. Оны қазір Ішкі істер департаменті бастығына берем. Тиісті шешім қабылдайды деп сенем», - дегенді айтты.   Сондай-ақ экономика басқармасына заң бөлімімен бірлесіп полиция тірек пунктерін жертөлелер мен көзден таза жерлерден  жұртшылық назарына бірден түсетін жерлерде салу үшін  арнайы қаржы бөлу жайын қарастыруға тапсырма берді. Бұл қаражат  әкімдіктен,  не ішкі істер департаменті тарапынан бөлінуі мүмкін. Тірек пунктері құзырлы орган қызметкерелерінің жедел шешім қабылдауы және өз қызметтерін атқару  кезінде сонда тұру үшін салынбақ.