Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру жұмысында өзгерістер бар

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру жұмысына жобаларды басқара алатын кәсіби мамандар қажет. Бүгін Үдемелі индустриялизациялау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай айтты.

Ә.Исекешев атап көрсеткендей, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын қабылдау кезінде өнім өндіруді арттыру, энергиялық тиімділік, экспорттық әлеуетті көтеру және қазақстандық компаниялардың инновациялық қызметін жетілдіру сияқты талаптар негізге алынған еді.

«Бүгінде аталған талаптар Елбасы қойған мақсат-міндеттерге толығымен жауап бермейді. Сондықтан қазіргі кезде өндірстік нәтижелердің нақты көрсеткіштері, әрбір бағдарлама бойынша нақты кестелер және осы жобаларға жауап беретін нақты адамдар болуы қажет. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бізге мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды басқаратын жүйе - жобалық офисті құру міндеті жүктелген болатын. Бұл мәселе бүгінде шешуші факторға айналды. Себебі әрбір жобаның негізгі мақсаты нақты нәтиже болуы шарт. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес, жабаларды басқару замануи әдістемесін қолданудың арқасында уақытың 20-30 пайызын және кез келген экономикалық бағдарламаларға не жобаларға жұмсалатын қаражаттың 15-20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сол себепті біз бүгін мемлекеттік комиссияның алдында еліміздің жобаларды басқарудың ұлттық жүйесін талқылауға жиналып отырмыз. Оның ішінде жобаларды практикалық тұрғыда басқара алатын кәсіби мамандар мәселесіне баса назар аударған жөн», - деді Ә.Исекешев.

Осы орайда Қытайдың тәжірибесін мысалға келтірген ол: «Қазіргі кезде Қытайда жобаларды басқара алатын 500 мың кәсіби маман бар. Оларсыз ешбір жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Бізде, өкінішке орай, ондай мамандар аз», - деді. Жобаларды басқарудың ұлттық жүйесінің тұжырымдамасын даярлау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Арман Евниевтің мәлімдеуінше, бүгінде елімізде жобаларды басқара алатын 6-ақ кәсіби маман бар.