УЕФА балаларға арналған жабық футбол алаңын салу үшін Қазақстанға ақша бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА балаларға арналған жабық екі футбол алаңын салу үшін Қазақстанға қаражат бөледі. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Хасенов мәлім етті.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның футбол федерациясы УЕФА-мен келіссөздер жүргізіп, «Хет трик» бағдарламасының аясында балаларға арналған жабық футбол алаңдарын салу үшін қаражат бөлу туралы келісімге қол қойды. Биылғы құрылыс үшін Астана қаласы таңдалды»,-деді ол.

Е.Хасеновтің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда футболға әуес балалардың тек бір пайызы ғана қысы-жазы көк шалғында доп тебе алады. Бұл - Оңтүстік Қазақстан облысының балалары. Басқа облыстағы балалар күн суытса, ағаш едені бар дене шынықтыру залдарында немесе қар түскен алаңдарда ойнауға мәжбүр.

«Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан, 2026 жылға дейін футболды дамыту стратегиясының басты мақсаты - футбол манеждерінің құрылысын тездету»,-деді Е.Хасенов.