УЕФА Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» мадридтік «Реалды» жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 5-турында ағылшындық «Ливерпуль» өз алаңында Мадридтің «Реал» командасын қабылдады.
Нидерландылық Андре Слот баптайтын «Ливерпуль» Англия чемпионатында 31 ұпаймен жеке-дара көш бастап келе жатса, өткен маусымда Чемпиондар лигасын ұтқан «Реалдың» жағдайы мәз емес-ті.
Ла Лигада Карло Анчелоттидің шәкірттері «Барселонаны» алға жіберіп, екінші орында келеді. Ал Чемпиондар лигасының кестесінде ағылшындық клуб 12 ұпаймен үздік үштікті түйіндесе, «Реал» (6 ұпай) небәрі 21-сатыда тұрған еді. Сондықтан мадридтік командаға жағдайын түзеу үшін барын салу қажет болатын.
Германиялық маман Юрген Клопп жаттықтырған кезеңде «Ливерпуль» испаниялық клубпен 6 матч өткізіп, соның бесеуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен еді.
Бұл жолы екінші таймда алаң иелерінен Алексис Макаллистер 52-минутта есеп ашты.
Алаңға жаңадан қосылған Алексис Васкес 59-минутта «ливерпульдық» қорғаушы Эндрю Робертсонды қателесуге мәжбүр етті. Алайда Килиан Мбаппе қақпашы Кьювин Келлехерден айласын асыра алмады.
Арада 10 минут өткенде, Ферлан Менди өз айып алаңында Мохамед Салахты шалып жықты. Салах та 11 метрлік нүктеден мүлт кетті. Дегенмен 77-минутта екінші таймда ойынға қосылған Коди Гакпо есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша, 15 ұпай жинап, жалпы кестеде көш бастаған «Ливерпуль» келесі ойынында жеңіске жетсе, үздік сегіздікке ілігеді. Ал жарыс жолын жалғастыруға мүмкіндік беретін 24 команданың қатарына кіру үшін «Реалға» тер төгуге тура келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футзалдан «Қайраттың» элиталық кезеңде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.