АСТАНА. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында 14 ақпанда алғашқы екі ойын өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі ойынның бірінде Италияның «Милан» және Англияның «Тоттенхэм Хотспурс» командалары шеберлік байқасады.
Кездесу елорда уақытымен 1.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның екеуінде италиялық футболшылар басым түссе, қалғанында ағылшындар жеңді.
Сондай-ақ, тағы бір кездесуде Францияның «Пари Сен-Жермен» командасы өз алаңында Германияның «Бавариясын» қабылдайды.
Кездесу елорда уақытымен 1.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 12 мәрте кездесті. Оның алтауында франциялық клубтың мерейі үстем болса, қалғанында германиялық клуб жеңіске жетті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Мадридтік «Реал» клубтық әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.