UEFA Чемпиондар лигасы: «Барселона» қатарынан екінші рет ойсырай жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші туры аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдың екінші ойын күнінде тағы бір сенсация болды. E тобында сынға түсіп жатқан Испанияның «Барселона» командасы сырт алаңда Португалияның «Бенфикасынан» 0:3 есебімен ойсырай жеңілді.

Айта кетсек, испандық клуб бірінші турда дәл осы есеппен өз алаңында Германияның «Бавария» клубына жол берген еді. «Бавария» екінші турда Украинаның «Динамо» (Киев) командасын 5:0 есебімен тізе бүктірді.

F тобында өз алаңында Италияның «Аталантасы» Швейцарияның «Янг Бойз» командасын 1:0, Англияның «Манчестер Юнайтеді» Испанияның «Вильярреалын» 2:1 есебімен жеңді.

Ал G тобында өз алаңында Австрияның «Зальцбургы» Францияның «Лилль» клубынан 2:1 есебімен басым түссе, Германияның «Вольфсбургы» Испанияның «Севильясымен» 1:1 есебімен тең түсті.

Сондай-ақ, H тобында Ресейдің «Зениті» Швецияның «Мальме» командасын 5:0, Италияның «Ювентусы» Англияның «Челсиін» 1:0 есебімен сүріндірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын 28 қыркүйекте А, В, C, D топтарында ойындар өткізілді .

Енді үшінші тур ойындары 19 және 20 қазан күндеріне белгіленген.

Айта кетсек, бүгін Еуропа лигасы және Конференция лигасында екінші тур ойналады.