НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 тамызда UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Арменияның «Алашкерт» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу елорда уақытымен 21.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 0:0 есебі тіркелді.
Екі команда 2015 жылы Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында кездескен еді. Өз алаңында қазақстандық клуб 3:0 есебімен жеңсе, сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде қазақстандықтар жарысты жалғастырған болатын.
Алматылық команда биыл еурокубокты Чемпиондар лигасында бастаған болатын. Алматылық команда бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасын (2:0, 1:1) орта жолда қалдырып кетті.
Одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» командасына (2:1, 0:5) есе жіберіп қойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.