UEFA Конференция лигасы: «Астана» алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Фото: Фото: Астана ФК

АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Астана» UEFA Конференция лигасы жалпы кезеңіндегі алғашқы ойынында Сербияның ТСЦ командасымен кездесті.

Алғашқы минуттан командалар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген еді. Десе де, бір-біріне мүмкіндік берген жоқ. Ойынның 15-минутында елордалық клубтан Кипрас Кажуколовас қарсыластар қақпасынан саңылау тауып кетті.

Бұдан кейін сербиялық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде ТСЦ футболшылары басымдықты арттыра түсті. Десе де, олар өз мүмкіндігін мүлт жіберіп алып жатты.

Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, аталған турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Енді елордалық ұжым өз алаңында 24 қазанда сырт алаңда «Нью-Сейнтс» (Уэльс) командасымен ойнайды.

Одан кейін 7 қарашада «Пафос» (Кипр), 28 қарашада «Витория» (Португалия), 12 желтоқсанда «Челси» (Англия), 19 желтоқсанда АПОЭЛ (Кипр) клубтарымен кездеседі.