UEFA президенті Қазақстанға қандай мақсатпен келді
АСТАНА. KAZINFORM - UEFA президенті Александер Чеферин Астанаға келді. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Александер Чеферин Қазақстандағы ресми іс-сапары барысында Қазақстан футбол федерациясының жұмысымен танысып, инфрақұрылым нысандарын аралайды. Сондай-ақ ҚФФ президенті Марат Омаровпен бірқатар маңызды мәселелерді қозғайды.
Айта кетсек, Александер Чеферин мен Марат Омаров биылғы жылдың ақпан айында UEFA (Еуропалық футбол қауымдастығы одағы) Ньондағы (Швейцария) штаб-пәтерінде кездесті. Онда Қазақстан футболының дамуы жоспарын талқылап, серіктестікті нығайту бағыттары таразыланды.
Александер Чеферин 2016 жылдан бері UEFA президенті қызметін атқарады.
Еліміз бүгін Қазақстан футболы күнін атап өтеді. Ол Қазақстан футбол федерациясының UEFA құрамына енгеніне 23 жыл толу құрметіне орайластырылып отыр.
2002 жылдың 25 сәуірінде Швеция астанасы - Стокгольм қаласында UEFА конгресінде қабылданған шешім негізінде Қазақстан Еуропада доп тебуге мүмкіндік алды. Бұл қазақ футболын дамытуға бағытталған оң қадам еді. Оған дейін федерация Азия футбол конфедерациясы (AFC) құрамында болды.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың UEFA президенті Александер Чеферинді қабылдағанын жаздық.
Еске салсақ, бүгін футболдан Астанада әлемдік және қазақстандық футболшылардан құралған «Аңыздар ойыны» кездесуі өтеді.