УЕФА Ресей мен Польшаның футбол бірлестіктеріне қарсы тәртіптік істер ашты

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - УЕФА Варшавада өткен «А» тобындағы екінші кезең матчтары барысында түрлі тәртіпсіздіктерге байланысты Польша Футбол қауымдастығы мен Ресей Футбол одағына қарсы тәртіптік істер ашты.

Бұл туралы УЕФА-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.

УЕФА Ресей құрамасымен өткен «А» тобындағы екінші тур матчтары барысында пиротехникалық заттарды қолданған жанкүйерлердің лайықсыз тәртіптеріне байланысты Польша Футбол қауымдастығына қатысты тәртіптік іс ашты.

Еуропалық футбол одағы сондай-ақ Ресей Футбол одағына қатысты тәртіптік істі тергеуді бастады. Поляктармен болған матчта ресейлік жанкүйерлер фейерверктерді тұтандырып алаңға лақтырды, сондай-ақ тыйым салынған баннерлерді ілді. Сонымен қатар, кездесу барысында Ресей құрамасы жанкүйерлерінің бірі алаңға жүгіріп шықты.

Айта кету керек, аталмыш жағдайларға байланысты шешімдер Вроцлавта чехтармен өткен кездесу барысында ресейлік фанаттардың лайықсыз тәртіптері үшін Ресей футбол одағына қатысты бұған дейін шығарылған санкцияларға қатысы жоқ.

Еске салайық,  бұған дейін УЕФА-ның Бақылау-тәртіптік инстанциясы Ресей Футбол одағынан Еуропаның келесі чемпионатына іріктеу кезеңдері барысында алты ұпайды алып тастау шешімін шығарды. Бірақ жазалау шартты сипатқа ие.