UEFA Ұлттар лигасы: Финалда кездесетін құрамалар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Ұлттар лигасы А дивизионының финалында кездесетін құрамалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші жартылай финалда Бельгия және Франция шеберлік байқасты.

Ойынның бірінші кезеңінде бельгиялық футболшылар жауапсыз екі доп соққан еді. Алдымен 37-минутта Янник Карраско есеп ашса, 40-минутта Ромелу Лукаку басымдықты арттырды.

Екінші кезеңде франциялықтар өте жинақы қимыд көрсетті.

Нәтижесінде Карим Бензема 62-минутта мергендік танытса, Килиан Мбаппе 69-минутта пенальтиден таразы басын теңестірді.

Ал Тео Эрнандес 90-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Франция құрамасы финалға берілген екінші жолдамаға ие болды.

Еске салсақ, бұдан бұрын жартылай финалда Испания Италиядан 2:1 есебімен басым түскен еді.

Енді 10 қазанда финалда Испания және Франция кездеседі. Дәл сол күні 3-орын үшін Бельгия мен Италия жасыл алаңға шығады.

Ұлттар лигасы ойындары 2018 жылдан бастап өтіп жүр. Алғаш рет Португалия құрамасы чемпион атағын жеңіп алды.