UEFA Ұлттар лигасы: Испания құрамасы финалға жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Испания құрамасы UEFA Ұлттар лигасы А дивизионының финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Испаниялық футболшылар жартылай финалда Италияны 2:1 еесбімен сүріндірді.

Ойынның бірінші кезеңінде олардың қатарынан Ферран Торрес 17, 45-минуттарда мергендік танытса, оған 81-минутта италиялық Лоренцо Пеллегрини бір голмен жауап қайырды.

Осылайша испаниялықтар финалға жолдама алды.

Енді олар Бельгия және Франция жұбының жеңімпазымен кездеседі. Аталған құрамалар 00:35-те жасыл алаңға шығады.

Финал 10 қазанға белгіленген, дәл сол күні 3-орын үшін сайыс өткізіледі.

2020/21 жылғы кезеңде Қазақстан құрамасы А тобында Албания, Беларусь және Литва құрамаларымен ойнап, төртінші орынды місе тұтты.

Енді қазақстандық футболшылар 2022 жылдың 24 және 28 наурыз күндері өтпелі кезең ойындарын өтізеді.

Жеңген құрама С лигасында қалады.

Ұлттар лигасы ойындары 2018 жылдан бастап өтіп жүр. Алғаш рет Португалия құрамасы чемпион атағын жеңіп алды.