Италияға сапары барысында ханшайымды мыңдаған адам жылы қарсы алды. Оның халықаралық іс-шараларға қайта оралуы дерттен кейінгі қалпына келу жолындағы маңызды кезең ретінде бағаланды.
Кейт Миддлтон Италиядағы Реджо-Эмилия қаласына барып, тұрғындардың қошеметіне бөленді. Оны жұрт қол шапалақтап, гүлдер ұсынып, «Ciao Kate» деген жазуы бар плакаттармен қарсы алған. Қаланың орталық алаңындағы серуен кезінде Кэтрин жергілікті тұрғындармен қол алысып, жанкүйерлерімен суретке түсіп, жұртшылықпен әңгімелесті.
Бұл оның– соңғы үш жылдан астам уақыттағы алғашқы шетелдік ашық іс-шарасы және қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейінгі алғашқы халықаралық сапары. Өткен жылдың қаңтарында ол аурудың ремиссия кезеңіне өткенін хабарлаған еді.
Жергілікті БАҚ сапарға деген қызығушылықтың өте жоғары болғанын атап өтті. Қала тұрғындары Кейтке деген ықыласты кезінде италиялықтардың марқұм Диана ханшайымға көрсеткен құрметімен салыстырған. Журналистердің айтуынша, көпшілік Кейтті Диананың жолын жалғастырушы тұлға ретінде қабылдайды.
Сапардың басты мақсаты – Реджо-Эмилияда әзірленген ерте жастағы балаларды оқыту моделін зерттеу болды. Бұл тәсіл ойын арқылы оқытуға, балалардың өзара қарым-қатынасына және эмоциялық ортаны дамытуға басымдық береді.
Сарай өкілдерінің мәліметінше, болашақта Кейт балалардың ерте дамуы мен психикалық денсаулық мәселелеріне арналған халықаралық сапарларын жалғастыруы мүмкін. 2021 жылы ханшайым ерте балалық шақ мәселелерін зерттейтін жеке орталығын құрған. Орталық балалық шақтағы тәжірибенің адамның кейінгі өміріне, соның ішінде тәуелділік пен психикалық денсаулыққа әсерін зерттеумен айналысады.
Еске салсақ, 2024 жылы Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтонға қатерлі ісік диагнозы қойылды. Сол жылы наурызда ханшайым Ұлыбритания және өзге елдердің тұрғындарына арнайы үндеу жасаған еді.