ҰЭМ: 2016-2017 жылдары жылдық инфляция 6-8 пайыз аралығында болмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылдық инфляция деңгейі 2016-2017 жылдары 6-8 пайыз дәлізінде күтіледі. Сондай-ақ, инфляция 2018 жылы - 5-7 пайыз, 2019 жылы - 4-6 пайыз, 2020 жылға қарай 3-4 пайызға төмендейтіні болжанып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, экономикада күтіліп отырған тұтынушылық және инвестициялық сұраныс тауарлар импортының 2016 жылы 28 доллардан 2020 жылға қарай 30,5 млрд. долларға дейін ұлғаюына ықпал ететін болады.

«Ұлттық банктің теңгенің құбылмалы еркін айырбас бағамы режиміне өтуін ескере отырып, Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген транскерттің мөлшері жыл сайын 2 трлн. 200 млрд. теңге сомасында айқындалды. Бұл ретте Ұлттық қордан 2016 жылға арналған нысаналы трансферт республикалық бюджеттің кіріс бөлігінде 461,5 млрд. теңге, 2017 жылы 750 млрд. теңге сомасында ескеріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Республикалық бюджеттің тапшылығы 2016 жылы ЖІӨ-ге 1,6 пайызды немесе 723,4 млрд. теңге, 2017 жылы - 600, 8 млрд. теңгені, ал 2018 жылы - 552,3 млрд. теңге деңгейінде жоспарланды», - дейді вице-министр.