ҰЭМ «Өзін-өзі реттеу» заңы нормаларын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат -Ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап күшіне енген «Өзін-өзі реттеу» заңының нормаларын ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева түсіндіріп берді.

Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметтерді өзін-өзі реттеу ұйымдарына тапсыру арқылы азматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейтін «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыру мақсатында «Өзін-өзі реттеу туралы» Заң қабылданғанын атап өтті.

«Заңмен кәсіпкерлік және кәсіби қызметті реттеудің жаңа институтының енгізіліп жатқанын атап өткен маңызды. Заң кәсіпкерлер мен кәсіпқойларға саланы реттеуге тікелей қатысу арқылы нарықта ойын ережелері мен талаптарын өз бетінше айқындауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, заңмен ерікті және міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеудің екі түрі анықталған. Ерікті өзін-өзі реттеу мемлекеттік реттеумен бірге әрекет етіп, өзін-өзі реттеу субъектілеріне және олардың қызметіне заңнамамен белгіленген талаптардан жоғары тәртіп орнатады. Ал міндетті өзін-өзі реттеу салалық заңдармен енгізіледі және мемлекеттік қызметтерді іске асырумен немесе мемлекеттік органдармен орындалатын белгілі бір қызметтерді бөлу қажеттілігімен байланысты.

«Бұл ретте қызметтерді тапсыру нарықтың оған дайын болуына байланысты. Осы мақсатта міндетті өзін-өзі реттеуді енгізу қажеттігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдармен міндетті түрде реттеушілік ықпалға талдау жүргізу ескеріледі», - деді Ғ.Жолдыбаева.