Мемлекеттік гранттардың бірінші байқауына қатысу үшін Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарынан өтініштер 2016 жылғы 16 тамызға дейін қабылданады.
«Биыл мемлекеттік грантты жүзеге асыруға 200 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған, 11 ҮЕҰ жобасының әрбірі 14-тен 30 млн теңгеге дейін қаржыландыруды қарастырады. Бұл үкіметтік емес ұйымдар үшін айтарлықтай үлкен жобалар», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.
Оның айтуынша, мемлекеттік гранттар елдің гендерлік саясат, жастар саясаты және бала құқықтарын қорғау бағытындағы әлеуметтік маңызы зор жобаларын іске асыруға бөлінеді.
Н.Өтешевтің айтуынша, гранттарға бөлінген қаражатты игеруді бақылау үшін орталық аппаратының құрамында қаражатты мониторингілеу бойынша департамент құрылды. Мамандар қаржыландырылған жобада жоспарланған өңірлердегі іс-шараларды тексеру үшін іссапарға жіберіледі деп жоспарланып отыр.
Оған қоса, конкурс рәсімдері объективті болуы үшін ҮЕҰ және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының арасынан сараптық комиссия құрылды.
Іс-шара барысында АБҚО өкілдері конкурсқа өтінімдер жазу үдерісі жайлы жете ақпараттандырып, жобаларды іріктеу критерийлерін талқылады және жиналыққа қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Өңірлердегі ҮЕҰ өкілдері үшін видеконференция ұйымдастырылды.
Байқау таза өтуі үшін ҮЕҰ өтініштерін бағалаудың 10 балдық көрсеткіші енгізілген. Оны сыртқы комиссия бағалайды. Оның 70% құрамы үкіметтік емес ұйым мүшелерінен құралады.
Мемлекеттік тапсырыстардан бір айырмашылығы, гранттың 10%-ын үкіметтік емес ұйымдар материалдық-теxникалық базаны кеңейтуге, ғимаратты жалдауға, коммуналдық төлемдерді өтеуге жұмсай алады.
Сонымен қатар байқау барысында өтініштің сапалық маңызы бірінші орында болады. Бұрын мемлекеттік тапсырыс барысында өтініштердің бағасы негізге алынатын.
Еске сала кетейік, "100 нақты қадам" Ұлт Жоспарында ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қолдаудың жаңа қаржылық түрлерін бекіту көзделген, атап айтқанда мемлекеттік гранттар мен сыйлықтар енгізілді.
Осы мақсатта ҮЕҰ-ды гранттық қаржыландыру ұлттық операторы - Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы құрылды.