ҮЕҰ-лар кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдай бастады

АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Елміздегі Үкіметтік емес ұйымдар кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдай бастады. Өтініштерді қабылдау Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Семей қалаларында жүзеге асырылатын болады.

Ұйымдастырушылар «жедел желі» телефондары арқылы Қазақстан азаматтарын кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандырудың қолжетімділігіне бақылау жүргізуге ниет білдіріп отыр. Мұндағы басты мақсат - тегін және жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселесін зерттеуге және мәселенің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл бастамаға «Амансаулық» қоғамдық қоры бастамасы болып отыр.

«Амансаулық» ҚҚ президенті Бақыт Түменованың айтуынша, мұндай шара алғаш рет 2008 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен еліміздің 6 қаласында ұйымдастырылған-ды. Онда жарты жылдық жұмысты талдау нәтижесінде шағымдардың 70 пайызға жуығы кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселесіне қатысты болған еді.

«Өтініштерге тегін және жеңілдік бойынша жіберілетін дәрі-дәрмектің қолжетімділік деңгейін бағалап қана қоймай, дистрибюторды енгізгеннен бергі өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Аталған мәселені кеңінен зерттеу мақсатында біз осындай мониторингті Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының ауылдық елді мекендерінде жүргізетін боламыз», - деді ол.

«Жедел желі» телефон қызметі «Сорос-Қазақстан» қорының «Мемлекеттік қорлар ашықтығы» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан «Кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру жүйесінің ашықтығын арттыру және ҚР азаматтарының дәрі-дәрмек құралдарына қолжетімділігін арттыру» жобасының бір бөлігі болып табылады.

«Амансаулық» қоғамдық қоры азаматтардың «жедел желі» телефондарына келіп түсетін өтініштерін қабылдауды Қызылорда қаласында «Жастар мәселелері орталығы», Қарағанды қаласында «Білім және даму» және Семей қаласында «Үй» қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе жүзеге асырғалы отыр.

Шара 4 ай бойы жалғасып, қорытындылары 2011 жылдың ақпан айының соңында белгілі болады.