ҮЕҰ-лар қоғамдық кеңестер отырыстарына неге бармайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық кеңестер отырыстарында дұрыс қамтылмай отыр.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.

«Шешімдер қабылдау үдерісінде үкіметтік емес ұйымдарды тарту тиісті деңгейде атқарылып отырған жоқ. Қоғамдық кеңестерде сайлау жүргізілген кезде диалогтың тапшылығы анық байқалды. ҮЕҰ-лар бағалауы бойынша, белсенді қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың, жастардың жеткіліксіз деңгейде қамтылуы қоғамдық кеңестер отырыстарында халықты толғандыратын мәселелердің тиісті жағдайда көтерілмеуіне алып келуде», - деді Ермекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, үкіметтік емес ұйымдар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде қабылданатын заңнамалық шаралар бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстың жеткіліксіз екені байқалды. Бұл жайында әрбір екінші ҮЕҰ мәлім еткен көрінеді.