Осыған орай Оралдан БҚО Суретшілер одағының төрағасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Қуандық Мәдір және Сатыбалды Құлбеков, Нұрбек Жәрдемов секілді өңірге танымал қылқалам шеберлері Уфаға арнайы барды.
Башқұртстан Республикасы мәдениет министрінің орынбасары Шамиль Абдрақов шымылдығын ашқан шараға Башқұртстан Суретшілер одағының төрағасы, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Хатип Фазылов және басқа өнер майталмандары, суретшілер мен сәулетшілер қатысты. Олар осынау көрменің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да мұндай байланыстың жалғасатынын жеткізді.
Бастапқыда Оралда облыстық деңгейде ұйымдастырылып, кейін республикалық, халықаралық сипат алған «Жазира Жайық» көрмесіне бұдан бұрын Ресейдің Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор облыстарының суретшілері қатысқан еді.
Бұл жолы Уфадағы алғашқы көрмеге Отарбай Кендір, Надежда Тихонова, Қанат Оразов, Бекжан Жұмабаев, Мэлс Отаров, Жанна Құлбекова, Нұрбол Әміржанов сынды барлығы он суретшінің 40-тан астам туындысы қойылды.
«Туған жер» бағдарламасы аясында көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат - өнер туындылары арқылы еліміздің тарихы мен мәдениетін паш ету, достық қарым-қатынасты кеңейтіп, тәжірибе алмасу.
«Башқұрт пен қазақ - ежелден іргесі ажырамаған, тұрмысы мен тілінде, салт-санасында ұқсастықтар көп, туысқан халықтар. Сондықтан мұндай іс-шаралар жалғасын табады. Башқұрт бауырлар алдағы жылы Оралға келіп, өздерінің өнер туындыларын Ақ Жайық жұртшылығының назарына ұсынатын болады. Осы орайда көрмені ұйымдастыруға қолдау танытқан Қазақстан халқы БҚО ассамблеясына, төраға орынбасары Ғайса Қапақовқа, қолұшын созған азаматтардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Қылқалам шеберлерін жаңа туындылар жасауға ынталандыратын, шығармашылық әлеуетін арттырып, бейнелеу өнерінің үздік үлгілерін насихаттауға септігін тигізетін осындай шаралар көбейе берсе, еш ұтылмасымыз анық», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қуандық Мәдір.
Айта кетейік, көрме 25 мамырға дейін жұмыс жасайтын болады.
22:50, 11 Мамыр 2018
Уфадағы көрмеде батысқазақстандық суретшілердің 40-тан астам туындысы қойылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Башқұртстан астанасы Уфа қаласының көркемсурет галереясында Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің «Жазира Жайық» атты көркемсурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.