НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ файтері Дамир Ысмағұлов АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласында өткен UFC on ESPN 37 турнирінде грузиялық Гурам Кутателадзені (12-2) ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үш раундқа созылған жекпе-жекте Д.Ысмағұлов төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды нәтиже – 28:29, 29:28, 30:27.
Осылайша, орынборлық қазақ Д.Ысмағұлов кәсіби жолындағы 24-інші, ал UFC-тағы қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді. Гурам Кутателадзе үшінші рет жеңіліс тапты.
Бұдан бұрын Дамир UFC додасында аустралиялық Алекс Горджесті (7-1), испаниялық Хоэль Альваресті (19-3), бразилиялықтар Тьяго Мойзесті (15-6), Рафаэль Алвесті (20-10) жеңген болатын.
Остиндегі басты жекпе-жек америкалықтар Келвин Каттар мен Джош Эмметт арасында өтті. Мұнда К.Каттар фаворит саналғанымен, күтпеген жерден Д.Эмметт қарсыласын қапы қалдырып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дамир Ысмағұловтың қарсыласымен көз арбасқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).