Уганда ресми түрде Эбола вирусынан азат ел мәртебесіне ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Уганда билігі елде 42 күн бойы Эбола вирусын жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелмегеннен кейін індеттің аяқталғанын жариялады. Ауру өршіген кезеңде елде барлығы 20 жұқтыру дерегі расталды, оның 15-і Конго Демократиялық Республикасынан (КДР) әкелінген жағдайлар болған. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Pixabay.com

Уганда Денсаулық сақтау министрлігі X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде мамыр айында тіркелген Эбола індетінің толық аяқталғанын хабарлады.

— Уганда ресми түрде Эбола вирусынан азат ел мәртебесіне ие болды, — деді елдің Денсаулық сақтау министрі Крис Барьомунси.

Оның айтуынша, мұндай шешім ел ішінде вирус жұқтырған соңғы науқас 16 маусымда ауруханадан шыққаннан кейін басталған 42 күндік бақылау кезеңінің сәтті аяқталуына байланысты қабылданған.

Жалпы Угандада 20 адамнан Эбола вирусы анықталды. Олардың 15-і көршілес Конго Демократиялық Республикасынан келген, ал тағы бес адам Уганда аумағында вирус жұқтырған. Науқастардың екеуі — КДР азаматтары — көз жұмса, қалған 18 адам толық сауығып шыққан.

Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 17 шілдеде Угандада күшейтілген 42 күндік эпидемиологиялық бақылау кезеңі КДР-дан келген соңғы науқас ауруханадан шығарылғаннан кейін ғана басталғанын хабарлаған болатын. ДДҰ талаптарына сәйкес, осы мерзім ішінде жаңа жағдайлар тіркелмесе, індет толық аяқталды деп есептеледі.

Уганда Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімнің қабылдануын соңғы сырттан әкелінген жағдайдың көзі мен вирустың таралу тізбектері толық анықталғанымен түсіндірді. Сондай-ақ қауіп тобына кірген барлық адамдар міндетті медициналық бақылаудан өткен. Ведомство елде бұрын анықталған жұқтыру тізбектеріне қатысы жоқ жаңа жағдайлар тіркелмегенін мәлімдеді.

Эбола індеті 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының шығысында және Угандада тіркелген болатын. Аурудың негізгі ошағы КДР-дың Итури провинциясында орналасқан. Жалпы індет Конгоның бес провинциясын қамтыды.

Еске салайық, бұған дейін Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелгені хабарланған еді. Сондай-ақ Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен 1 405 адам қайтыс болғаны мәлім болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдегі жағдайды дағдарыстық деңгейдегі індет деп бағалап, жұқтыру деректерінің артуына, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударған болатын.