У И: ALLUR — тек зауыт қана емес, ұлттық бренд қалыптастыруға негіз

Фото: Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың жетекші «Жэньмин жибао» басылымының бастамасымен 29 мамырда «Орталық Азия — Қытай» халықаралық медиафорумы өтіп жатыр. Іс-шараның тең ұйымдастырушысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені.

Ашылу рәсімінде арнайы шақырылған қонақ — Қытайдың Genertec International Holding Co., Ltd. компаниясы бас директорының орынбасары У И сөз сөйлеп, Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дербес ұлттық брендке айналдырудағы қытайлық кәсіпорындардың рөлін ерекше атап өтті.

— ALLUR — жай ғана құрастыру зауыты емес, толыққанды ғылыми-зерттеу және технологиялық мүмкіндіктері бар Қазақстанның ұлттық автокөлік брендіне айналуы керек, — деді У И өз баяндамасында. 

Ол Genertec International Holding компаниясы 2019 жылы ALLUR компаниясына инвестиция құйғаннан кейін, оның жылдық өндірісі 100 мың данаға дейін өскенін, ал бүгінде бұл кәсіпорын Қазақстанда толық жинақтау (CKD) өндірісін игерген жалғыз автокөлік өндірушісі екенін айтты.

Оның айтуынша, компания 2026 жылы іске қосылатын автокөлік қосалқы бөлшектерін шығаратын жаңа зауыт арқылы тағы 600 жұмыс орнын ашпақ. Сонымен қатар, қытайлық JETOUR компаниясымен бірлесіп техникалық мамандарды оқыту жобасы аясында жүздеген қазақстандық маман даярланған. Бұл шаралар Қазақстандағы автоөнеркәсіптің технологиялық әлеуетін арттырып, «Орталық Азияда өндіріп, Еуразияға тарату» индустриялық тізбегін қалыптастыруға ықпал етпек.

У И сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көлік және энергетика саласындағы өзге де жобалар туралы қысқаша баяндап өтті. Атап айтқанда, Өзбекстандағы 100 МВт қуатындағы жылу электр орталығы, Қазақстандағы 150 МВт жел электр станциясы және Грузиядағы Е60 халықаралық автомагистралі сынды ірі жобалар Орталық Азияның жасыл даму бағытына нақты үлес қосып отырғанын жеткізді.

Форум аясында У И Орталық Азиядағы БАҚ өкілдерін ынтымақтастықты күшейтуге шақырып, қытайлық және жергілікті кәсіпорындардың бірлескен табыстары туралы шынайы оқиғаларды көпшілікке жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, форумнан кейін делегаттар Алматыдағы ALLUR 4S орталығына барып, Қытай автокөлік брендтерінің жергілікті нарықпен қалай ықпалдасып жатқанын өз көздерімен көреді.

— Шаңаннан Самарқанға дейін — Ұлы Жібек жолының басты рухы — өзара тиімділік пен сенім. Біз Орталық Азиямен ортақ болашақты бірге құру жолында медиа мен өндіріс арасындағы байланысты тереңдете береміз, — деді У И.

Айта кетейік, форумның ашылу салтанатында Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хан Чуньлин негізгі баяндама жасап, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықты нығайту мен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын атап өтті.