ҮИИД бағдарламасының жобалары үшін кадрлар даярлау ісіне 104 колледж тартылып отыр

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда индустрияландыру үрдісінің заманауи қажеттіліктері ескеріле отырып, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жаңғыртылуда.

2012 жылы ҮИИД бағдарламасының жобалары үшін кадрлар даярлау ісіне 104 колледж жұмылдырылып отыр. Оған қоса, Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде әлемдік деңгейдегі колледждер желісі құрылуда.

 «Бүгінде халықаралық стандарттардың негізінде ... алдыңғы қатарлы кәсіптік-техникалық білім беруші ұйымдардың желісі дамытылуда», - деді Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту -Қазақстан дамуының басты векторы» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

 Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығы мен халықаралық талаптардың сұраныстарына сай жаңғыртылуда. Астана, Шымкент, Ақтөбе және Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі колледждер ашу жұмысы басталды. Оған қоса, Атырау, Екібастұз, Өскемен, Шымкент қалаларында 4 өңіраралық орталықтың және Астана қаласында 1 кәсіптік лицейдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы алғанда, 2012 жылы колледждердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға 2,4 млрд. теңге қарастырылып отыр, деп жазады  рm.kz сайты.

Айта кету керек, 2011 жылы елімізде кадрлар даярлау жүйесін басқарудың жаңа ведомствоаралық моделі жасалды. Нәтижесінде бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен Кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі ұлттық кеңес, жұмыс берушілердің атсалысуымен 16 өңірлік және 14 салалық кеңестер құрылды. Осылайша, бизнестің қатысуымен басқарудың корпоративтік формасы алдымен «Кәсіпқор» холдингінің базасында сынақтан өткізіліп, одан кейін бүкіл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне таратылмақ. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беруші мекемелерге «Самұрық-Қазына» Қорының кәсіпорындары арқылы оқытудың дуальды жүйесі енгізілуде.

 Және елімізде Дүниежүзілік банктің қатысуымен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту жобасы қолға алынып отыр. Іске асыруға 33,2 млн. доллар бөлінген бұл жоба бойынша 147 кәсіптік стандарт жасау, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін басқару мен қаржыландыруды жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр.

 Қазіргі уақытта елімізде сондай-ақ колледждерді ұлттық аттестациядан өткізу және оларды Турин процесінің аясындағы салыстырмалы зерттеулерге қатыстыру жөніндегі даярлық дұмыстары басталды.

 Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2011 жылы еліміздегі кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жалпы желісі 896 бірлікті құраған, бір жылдың ішінде олардың қатарына 14 оқу орны қосылған. Қазір оларда 609 мың адам білім алуда. Ағымдағы жылы 104 оқу орны ҮИИД бағдарламасының жобалары үшін кадрлар даярлау ісіне жұмылдырылып отыр.

 Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту ісі ҮИИД бағдарламасының аясында іске асырылып отыр және ондағы мақсат жаңа кадрлар даярлау ісіне бизнес пен жұмыс берушілерді белсенді тарту болып табылады.