ҮИИД МБ-2 аясында 2015 жылдан бастап 1 мың стандарт әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан стандарттарының халықаралық стандарттармен үйлесімдігі 70 пайыздан асты. Бұл туралы бүгін Астанада өнім сапасы мәселелеріне арналған халықаралық форум барысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дугалов мәлім етті.

«ҮИИД МБ-2 аясында біз алдағы жылдан бастап өнімге 1 мың стандартты әзірлейміз. Оның ішінде жаңа стандарттар менеджмент пен сапа жүйесі бойынша қамтылмақ. Яғни, менеджмент жүйесі өнімге әсер етеді. Біздің өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін аталған стандарттарды енгізу өте маңызды», - деді ол. Ғ.Дугаловтың сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде көптеген кәсіпорындар осы идеяға мән беріп, енгізіп жатыр. «Кеден одағы аясында жұмыс істеп жатырмыз, сонымен қатар еліміз ДСҰ-ға кіруге дайындалып жатыр. Осының барлығын ескеріп, 2015 жылдан бастап бюджеттен 1 мың стандартқа ақша бөлініп отыр. Өйткені әрбір салаға, шығып жатқан өнімдерге өзіміздің қазақстандық стандарттар қажет. Ол стандарттар халықаралық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Бүгінде Қазақстан стандарттарының халықаралық стандарттармен үйлесімділігі 70 пайыздан асып келе жатыр», - деді ол. Белгілі болғандай, аталған мың стандарт бойынша бүгінде тиісті жоспар әзірленген. Осы орайда олардың барлығы келесі жылдың аяғына дейін дайын болады. «Дайын болғаннан кейін олар біздің комитеттің қаулысымен бекітіледі», - деп түйді Ғ.Дугалов.