ҮИИД МБ-ның екінші 5 жылдығы өңірлік ерекшеліктерге байланысты нақты ұштастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үдемелі индустриалды инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші 5 жылдығы өңірлік ерекшеліктерге байланысты нақты ұштастырылды. Әрбір өңір үшін өзіндік экономикалық дербестік айқындалды. Бұл жобалардың қайталануына жол бермейді әрі ел аумағында өндіріс ошақтарын тиімді орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер арасындағы өндірістік кооперацияны нығайтады.

Бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті инвестицияның жалпы көлемі шамамен 6,6 трлн. теңгені құрайды. Мұның 6 трлн. теңгесі квазимемлекеттік және жеке сектор есебінен тартылады. Ал бюджет тарапынан бөлінетін қаржы шамамен 650 млрд. теңгеге жуық. Осылайша, мемлекеттің әрбір теңге инвестициясына кемінде 4 теңге жеке инвестиция тартуды көздейтін «қаржылық тетік» әдісі жүзеге асырылатын болады.

Айта кетерлігі, 2010-2013 жылдары аралығында бұл мемлекеттік бағдарламаны қаржылай қолдау үшін шамамен 3,7 трлн. теңге бөлінген болатын. Бұдан бөлек инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2,4 трлн. теңге жеке инвестиция қосымша тартылған еді. Нәтижесінде аталған кезеңде ЖІӨ екі есе өсіп, 2013 жылы 34,1 трлн. теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 57,5 мың АҚШ долларын құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 1,6 есе өсім көрсетті.