Министрдің атап өтуінше, 2008 жылмен салыстырғанда өткен жылы қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс өнімділігі 1,5 есе артты. 2011 жылмен салыстырғанда, экспорт көлемі 2012 жылы 5,3 пайызға өсіп, 92,3 миллиард АҚШ долларын құрады. «Өткен жылы біз 25,5 миллиард доллардың қайта өңделген тауарларын экспорттадық. Өсім 14 пайыз көлемінде болды. Осы мерзім ішінде шетелдерге дайын тауарлар шығару көлемі едәуір өсіп, 4,2 миллиард долларға жетті», - деді ол.
Ә.Исекешевтің алға тартқан деректеріне қарағанда, қазақстандық экспорттың жағрафиясы 111 мемлекетті құрады. Өткен 4 жыл ішінде экономикадағы жұмыс орны 600 мыңға артып, 8 миллион адамнан асты. Оның ішінде өнеркәсіп орындарында 85 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 41 мыңы Индустрияландыру картасындағы 537 жобаның іске қосылуы нәтижесінде мүмкін болды. Бұл өте маңызды тұрақтандыру шарасы екендігі сөзсіз.
«Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасындағы жобалар құрылысында 80 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл бағдарламаның өңірлердің экономикасына тигізіп отырған игі ықпалы да зор. Жоғарыда айтылған жетістіктердің бәрі Еуропаны тұралатқан жаһандық дағдарыс жағдайында болып отыр. Осының өзі көп жайды аңғартса керек», - деді Ә.Исекешев.