«Алтын Дала» 2005 жылы ақбөкендердің жойылып кетуіне жол бермеу үшін құрылған. Зор еңбектің нәтижесінде түз тағыларының популяциясы бұрын-соңды болмаған 2,8 миллионға жетті. «Алтын Дала» серіктестерімен бірлесіп, ақбөкендерден бөлек дала бүркіті, құлан және Пржевальский жылқысының тұқымын қайта қалпына келтіру үшін әрекет етті.
EarthShot Prize сыйлығын Ұлыбритания ханзадасы Уильям мен әйгілі тележүргізуші әрі натуралист Дэвид Аттенборо тағайындаған. Мақсаты жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге атсалысу.
«Бауқаудың 15 финалисі бұрын-соңды болмаған, инновацияға толы, тиімді шешімдер ұсынды. Ұсыныс иелері –ғаламшарды жақсы жағына қарай өзгертуге ниеттілер. Араларында табиғатты қорғау және қалпына келтіруге атсалысқан «Алтын дала» бастамасы да бар», - дейді Уильям ханзада.
«Алтын Дала» жобасы Қазақстанның биоалуантүрлігін сақтау қауымдастығымен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстандық қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың еңбегі әлемдік деңгейде бағаланып жатқаны қуантады. Бұл қолдау болашақта көкжиегімізді кеңейтіп, жаңа білім мен тәжірибеге жол ашып, табиғаттың, климаттың және адамдардың игілігі үшін септігі тиеді деп деп үміттенеміз», - дейді «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры Вера Воронова.
15 финалистің бесеуі үздіктердің үздігі деп танылып, әрқайсысы 1 миллион фунт стерлинг көлемінде сыйақы алады. Қазақстандық бастама Ұлыбритания, Эквадор және Перу жобаларымен бәсекеге түспек. Марапаттау рәсімі өткен жылы Сингапурде ұйымдастырылса, биыл 6 қарашада Оңтүстік Африкада өтеді.