Уимблдон: Александр Бублик Андрей Рублевті үшінші рет жеңе ала ма

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Уимблдон турнирінің төртінші айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик дүниежүзілік рейтингте 7-орында тұрған ресейлік сыралғы қарсыласы Андрей Рублевпен ширек финал жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос теннисшінің матчы Астана уақытымен сағат 18.30-ға белгіленген.

Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның үшеуінде ресейлік, екеуінде қазақстандық спортшы жеңіске жеткен. 2016 жылы Мәскеуде Кремль кубогінің іріктеу кезеңінде А.Бублик А.Рублевті 6:4, 7:6 (12:10) есебімен сүріндірген. 2019 жылы ресейлік спортшы Мәскеуде 6:1, 3:6, 6:4 есебімен қарымта қайтарған. Сосын Венада айласын асырған – 6:1, 6:7 (3:7), 7:6 (8:6). 2020 жылы Роттердамда (Нидерланд) Андрей Александрды 7:5, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Ал биыл 25 маусымда Галле (Германия) ATP 500 турнирінің финалында қазақстандық теннис шебері А.Рублевті 6:3, 3:6, 6:3 есебімен жеңіп, спорттық жолында ең жоғары табысына қол жеткізді.

Сегіз матч бойы жеңіліссіз келе жатқан Александр Бублик Андрей Рублевті үшінші рет ұта ала ма, оны бүгінгі ойын көрсетеді.

Қалай болғанда да, Уимблдонда алғаш рет төртінші айналымға шыққан қазақстандық теннисші үшін биылғы дода табысты екені анық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Даниал Рахматуллаевтың Тегерандағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Тимофей Скатов Германиядағы жарыстың финалына шыға алмады.

Уимблдонда Елена Рыбакина төртінші айналымға шықты.

Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирдің финалында өнер көрсетеді.