ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстандық Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда ұлыбританиялық Люк Хупермен кездесті.
Бірінші партияда Әмір 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде корт иесі есе қайырды – 7:5.
Шешуші, үшінші сетті Омарханов брейкпен түйіндеді – 6:3. Тартысты матч 2 сағат 16 минутқа созылды.
Әмір Омарханов ширек финалға шығу үшін турнирдің 1-ракеткасы, америкалық Кейлан Бигун немесе франциялық Томас Фаурелдің қай жеңгенімен таласады.
Бүгін әйелдер арасында Елена Рыбакина украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасып, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).