Уимблдон: Елена Рыбакина әлемнің экс 1-ракеткасын ұтып, төртінші айналымға шықты
ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда кезінде мықтылардың көшін бастаған, қазір 91-орында тұрған даниялық, 2018 жылғы Аустралия чемпионатының жеңімпазы, 33 жастағы Каролина Возняцкимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Рыбакина бет қаратпады – 6:0.
Сәл тартыстылау өрбіген екінші сетте Елена 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1.
Небәрі 58-минутқа созылған матчта Рыбакина 9 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Осылайша, Уимблдонның төртінші айналымында Қазақстаннан Ю.Путинцева мен Е.Рыбакина ойнайды.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен таласады. А.Калинская үшінші айналымда отандасы, әлемнің 15-ракеткасы Людмила Самсоновадан айласын асырды – 7:6 (7:4), 6:2.
А.Калинская қазақстандық теннисші үшін қауіпті қарсылас деуге болады. Осыған дейін өзара төрт рет кездескен, есеп тең – 2:2. Соңғы кезде ресейлік теннисші сәтті ойнап, нағыз бабында екендігін көрсетіп жүр. Оның үстіне әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен махаббат айдынында бірге жүрген Калинскаяның көңіл-күйі де көтеріңкі.
Е.Рыбакина 2022 жылы қазақстандықтар арасынан алғаш рет Уимблдон чемпионы атанса, өткен жылы ширек финалға дейін жеткен еді.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 52-ракеткасы Анна Данилина қытайлық Сюй Ифаньмен бірге Уимблдонның екінші айналымында америкалықтар Кори Гауфф – Джессика Пегулаға жол берді – 2:6, 6:7 (3:7).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Румынияда камбэк жасап, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Франциядағы жарыстың финалында ойнайды.
Уимблдонда Юлия Путинцева әлемнің 1-ракеткасын жеңіп кетті.